Еліміздің 11 азаматы Ливиядан кетіп үлгерді - СІМ
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанның Триполидегі Дипмиссиясының 25 ақпандағы ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта еліміздің 11 азаматы Ливиядан кетіп үлгерді,
деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
«Олардың 4-еуі - Мальтаға, 1-еуі - Ұлыбританияға шығарылды. 6 отандасымыздың 2-еуі - Ресей бортымен Мәскеу арқылы, 4-еуі - Украина бортымен Киев арқылы Қазақстанға келді. Мәскеу мен Киевтегі Қазақстан Елшіліктері тарапынан бұл азаматтарды қарсы алу, СІМ есебінен қонақүйге орналастыру және Алматыға ұшаққа билет алу жұмыстары атқарылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның атап өтуінше, қазіргі кезде Либияда қалған 4 қазақстандық студент (олармен бірге оқитын 3 Қырғызстан азаматы) Дипмиссия көмегімен Триполи әуежайына жеткізіліп, Украинаның екінші бортымен Киевке ұшуға дайындалуда.
Жерорта теңізіндегі ауа райының тұрақсыздығына байланысты Түркияның арнайы кеме борты Триполи теңіз портынан шығу мүмкіндігін күтуде. Соңғы мәліметке сәйкес, онда қазақстандық 2 азаматша бар. Сондай-ақ, Сахарадағы № 103 бұрғылау стансындағы «Schlumberger» (Шлюмберже) компаниясының және «Hamada» бұрғылау кен орнындағы «Eriell» компаниясының қазақстандық 3 қызметкерлерін эвакуациялау мәселесі аталған компаниялардың басшылығымен шешілу үстінде. Қазіргі уақытта Дипмиссия Либияда қалған азаматтарымызды эвакуациялау үшін тиісті жұмыстар атқаруда.