Еліміздің 22 қаласында еріктілер ардагерлерге көмек көрсетеді
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының мәліметінше, еріктілер жасағы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Рудный, Семей, Тараз, Талдықорған, Текелі, Теміртау, Орал, Өскемен, Шымкент, Екібастұз қалаларында жұмыс істейді.
Айта кетейік, аталған қордың «Жеңіс» жобасы 2015 жылдан бері жүзеге асырылуда.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша, жоба аясында Қазақстанда тұратын 2911 ардагерге 291,1 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Еріктілер жасақтары жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің шаруашылықтарына қолғабыс етіп, оларға дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен жәрдемдеседі. 2017 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ғана емес, оларға теңестірілген тыл еңбеккерлеріне де көмек көрсетілетін болады.
«Еріктілер шарасы бүкіл ел бойынша ағымдағы жылдың желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады»,- делінген қор ақпаратында.