Еліміздің 30 жоғары оқу орнында қазақ күресінің бапкерлері дайындалады

АЛМАТЫ. 12 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақтың спорт және туризм академиясында ұлттық спорт түрлерінен жыл сайын 15-ке жуық бапкер дайындалады, оның жеті-сегізі қазақ күресінің мамандары.
None
None

Ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері Ерғали Мұхитдиновтың айтуынша, жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, спортта ғана емес, өмірде де биік жетістіктерге ұмтылуына кәсіби бапкерлердің қосар үлесі қомақты. Қазір бапкерлікпен айналысып жүрген мамандар арасында әртүрлі саланың өкілдері бар. Олардың бәрін бірдей кәсіби маман деуге болмайды.

«Бүгінгі таңда еліміздің 30 жоғары оқу орнында қазақ күресінен бапкерлер дайындалады. Алайда, оның бәрінде бірдей жоғары кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Өз саласында кәсіби біліктілік алып, арнайы диплом алған жаттықтырушылар тек бізде ғана жұмыс жасайды. Жалпы спортшының бойындағы қабілетін толық ашып көрсету үшін бапкердің кәсіби біліктілігі жоғары болу керек. Спорттың қыр-сырына қанық болғанмен, кез келген жаттықтырушы оның сырын өз шәкіртіне түгел ашып жеткізе алмайды», - дейді Е.Мұхитдинов.

Академия қабырғасында ұлттық спорт түрлері кафедрасы 2009 жылы ашылды. Қазір онда спорттың саятшылық, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жекпе-жек түрлері бойынша бапкерлер дайындалады. Жалпы бұл оқу орнында 1973 жылы тұңғыш рет Күрес түрлері кафедрасынан қазақ күресі бөлімі ашылған болатын.

«Қазір қазақ күресінен халықаралық, құрлықтық және әлем чемпионаттары өтіп жүр. Оған деген қызығушылық күн өткен сайын артып келеді. Дегенмен, оны бүкіл әлемге таныту үшін еліміз шет елдерге білікті бапкерлерін жіберіп, жаттықтырушылар дайындауға ерекше мән беруі керек сияқты. Өйткені қазір шет ел тұрмақ Қазақстанның өзі түгел кәсіби жаттықтырушылармен қамтамасыз етілмеген. Ауылдық жерлерде мамандар тапшы. Егер үкімет тарапынан тапсырыс көлемі ұлғаятын болса, ауылдық жерлерден келетін студенттер қажетті мамандықты игеріп, өз елінің, жерінің гүлденуіне қомақты үлес қосары күмәнсіз», - дейді профессор Ерғали Мұхитдинов.

Соңғы жаңалықтар