Еліміздің 6 жасқа дейінгі балаларына қосымша полиомиелитке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі - Ш. Жандосов

АЛМАТЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Еліміздің Бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспановтың қаулысымен мамырдың 3-7 аралығында еліміздің 6 жасқа дейінгі балаларына қосымша полиомиелитке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі.
None
None

Бұл жайында бүгін Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шалғынбай Жандосов Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде мәлім етті.

Ш. Жандосов дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинация және «Таза су» бағдарламасы адам денсаулығының сапасын сақтап қалуға ықпал ететіндігін алға тартуда, дейді.

Сонымен қатар ол осы тұрғыда бір апта бұрын еліміздің дәрігер, ғалымдары, мешіт және шіркеу өкілдерімен бірлесіп дөңгелек үстел өткізгендігін айтады. Ол дін өкілдерін шақырудағы себебін көптеген адамдар былтыр полиомиелитке қарсы балаларын еккізуден бас тартқандығымен түсіндірді. «Былтыр Маңғыстау облысында болған кезімде көршілес Өзбекстаннан келген оралман бауырларымыз балаларын ектіруге қарсы болып, құранда ондай жазылмаған дегендей уәждерін айтып жатты. Тіптен аудандық әкімнен облыстық әкімдікке дейін ықпал жасап, имамдарды үйлеріне ертіп апарып, бұл екпенің адам өміріне маңыздылығын түсіндірген болатынбыз», -дейді Ш. Жандосов.

Полиомиелит - өте қауіпті жұқпалы, адам жүйкесін зақымдап, сал ауыруына әкеп соғатын ауру түрі. Сондықтан алда өтетін шара барысында 1 млн. 900 мың бала егіледі деп жоспарлануда екен.

Ш. Жандосовтың айтуынша, бұл екпе жұмыстары тікелей Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен жүргізілмек. «Екпе жұмыстарына дейін бүкіл ауылдық және қалалық аймақты не мақсатта, қай уақытта егілетіндігі жайында толықтай құлақтандыратын боламыз. Былтыр көрші Тәжікстан елінде үлкен келеңсіз жағдай орын алды. Дер кезінде егу жұмысы жүргізілмегендіктен балалардың көбі полиомиелитпен ауырып, оның кейбірі елімізге еніп кетті. Дегенмен денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің арқасында жалғыз науқаспен шектелдік», - дейді ол.

Еліміз бойынша түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарына қыруар қаржы бөлінуде. Тек гепатитке қарсы егу жұмыстарына 600 млн. теңге бөлінсе, тұмау ауруына да 600 млн. теңгеге жуық ақша аударылған. Үкімет тарапынан 2005-2010 жылдарға арналған «Таза су» бағдарламасы қолға алынып, оған 482 млрд. теңге бөлініп, қомақты жұмыстар атқарылған.

Соңғы жаңалықтар