Еліміздің әрбір өңіріне арналған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің әрбір өңіріне арналған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің әрбір өңіріне арналған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді

«Әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді. Бұл - процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілердің болуына, шенеуніктердің асықпауына немесе озбырлығына, заңнаманың жетілдірілмеуіне байланысты шешімін таппайтын көкейкесті мәселелердің тізбесі. Осы негізде жемқорлық схемалары, қолданыстағы нормалар мен ережелердің тасасына тығылған мәселелерді заңсыз шешу мүмкіндіктері пайда болады. Дәл осы тәуекелдер картасы нақты өңірдегі аумақтық органдарымыздың жұмысына бағдар болуы тиіс», - деді Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, ендігі уақытта ведомствоның өңірлік басшыларының жұмыс сапасы бірнеше жолмен бағаланатын болады. Атап айтқанда, бірінші, ішкі бағалау кезінде қабылданған шаралардың тиімділігі қаперге алынады. Сонымен қатар, қызметкерлердің кәсібилігі мен пайдалы жүктемесі де бағаланады. Ал екінші бағалау - қоғамдық бақылау. Бұл ретте өңірдегі нақты басшы қызметінің сыбайлас жемқорлықты және «проблемалық» аймақтарды жоюы қарастырылады.

«Жиынтығында департамент басшысының өз жұмысын атқара алатындығы немесе атқара алмайтындығы анықталады. Басшы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып, оларды шешу бойынша тиімді шараларды ұсынуы және іске асыруы тиіс. Басты критерий - нәтижелер өңірдің азаматтары мен кәсіпкерлері үшін маңызды және пайдалы болуы керек», - деді Олжас Бектенов.