Еліміздің атын әлемге танытып жүрген жаңа есімдердің шығып жатқаны көңіл қуантады - «Classic» радиосының директоры Р.Жұманиязова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар классикалық әуенді тыңдау адамның көңіл-күйіне жағымды әсер етіп қана қоймай, ғасырлар бойы уақыт елегінен өткен саздың адамның жан-дүниесіне үйлесімдік пен сұлулық сыйлайтынын айтады. Бұл тұрғыда адамды әсемдік әлеміне тартып, жанын биязы баурап алатын сиқырлы сазды сүйіп тыңдайтын тыңдармандар үшін «Classic» радиосының жөні бөлек.

Еліміздің атын әлемге танытып жүрген жаңа есімдердің шығып жатқаны көңіл қуантады - «Classic» радиосының директоры Р.Жұманиязова

Бүгін, 6 маусым күні Қазақстандағы тұңғыш классикалық музыка радиосының құрылғанына 4 жыл толды. Айта кетейік, «Classic» радиосының «Классикомания» бағдарламасы 2013 жылы Лондонда халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығы ұйымдастырған «AIBs Inspiring Creativity Awards» байқауында «ең бірегей, ойын-сауық және дамытатын бағдарлама» деп танылып, арнайы дипломмен марапатталды, дәл осы жылы Fashion TV Awards салтанатында «Classic» радиосына «Сәннен шықпайтыны үшін» жүлдесін, жыл сайынғы «Жыл таңдауы - Жыл адамы» фестивалі шеңберіндегі «Алтын адам» сыйлығы табысталды.

Осы айтулы мерекемен құттықтау әрі еліміздегі классикалық әуендерге арналған тұңғыш радионың бүгінгі күнгі мәдениетіміздің дамуында алар орны мен болашақ жоспарлары туралы білу мақсатында біз «Classic» радиосының директоры Раушан Жұманиязованы әңгімеге тартқан едік.

- Алдымен, «Classic» радиосының бүгінгі туған күні құтты болсын! Бұл төрт жыл уақыт «Classic» тәрізді еліміздегі басқа радиолардан ерекше радио үшін не берді?

- Үлкен рахмет! Маған да «Classic» радиосын туған күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер, себебі, мен бұл мерекені барлық қазақстандықтар үшін ортақ мереке деп санаймын. Біздің үш жасымызға тағы бір жас қосқанымызға келер болсақ, әр адамның балалық шағындағы осы бал шағы тәрізді, бұл біз үшін белсенді өсу кезеңі. Аудиториямыздың саны күннен-күнге артып келеді. Онымен бірге радио ұжымының кәсіби шеберлігі де артуда. Алдағы күндерге жоспарларымыз да, үміттеріміз де көп. Ал дәл мен үшін радионың төрт жасқа толуы - бұл бақытқа, толғаныстар мен тәтті ізденістерге толы 1460 күн!

- «Classic» радиосын кімдер көбірек тыңдайды: жастар ма, әлде орта жастағылар мен қариялар ма?Олардың классикалық әуенге деген көзқарастары қандай? Тіпті, олардың 4 жыл ішінде көңілдерінен аса шыққан, эфирден беруді жиі сұрайтын сүйікті бағдарламалары, классикалық музыкадағы сүйікті жанрлары да айқындалған да болар?

- Бұл бізге аса жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Білесіз бе, классикалық музыкаға махаббат тәрізді, барлық жаста бағынады. Сондықтан бізде тіпті ең кішкентай бүлдіршіндерге арналған бағдарламаларымыз бар, мүмкін, балалар үшін біздің радиомыздың алар орны маңыздырақ болар. Дегенмен, біздің тыңдаушыларымыз - тұлға ретінде қалыптасып, өз-өзіне, өзінің қалаулары мен талап-тілектеріне деген сенімі зор, әрі үнемі өсіп-жетіліп отыруға бейім жандар.

Көбіне-көп біздің радиомызды "күйзеліске қарсы радио", "шабыт тудыратын радио" деп атап жатады. Мен мұны біздің эфирдегі еңбегімізге берілген ең үлкен баға деп білемін. Әр бағдарламамыздың өз тыңдаушылары бар, көп адамдар тіпті Жәния Әубәкіровамен немесе Нұргүл Ертаевамен болатын бағдарламаны өткізіп алмау үшін гаджеттерінде сол хабардың эфирден берілетін уақытын еске салатын қызметті іске қосып қояды. Қазақтың дәстүрлі әуендері туралы сыр шертетін "Тылсым перне" бағдарламасы аса жоғары бағаланады. Оның авторы Зира Наурызбаева ағымдағы жылы әйгілі "Алтын адам" сыйлығын иеленді. Сонымен қатар Олег Борецкийдің және Лилия Калаустың бағдарламаларын сүйіп тыңдаушылар саны өте көп. Ал бал бөбектеріміз болса, ертегінің сиқырлы әлеміне жетелейтін Рита Киселеваның "Әуенді Одиссеясын" құр жібермеуге тырысады.

- Қазіргі таңда Қазақстанда классикалық музыканың даму бағыты, негізгі бағдарлары қандай? Бүгінгі жаһандану жағдайларының оған өзіндік әсері бар ма?

- Біздің елімізде классикалық музыканың өзінің тыңдаушылары, өз дәстүрлері, өз жеңістері мен басымдықтары бар. Қазақстанның мәдени өміріне аса зор ықпалын тигізген соңғы жылдардағы айтулы оқиғалардың бірі елордада "Астана Опера" театрының ашылуы болды. Мәселен, сәл бұрынырақ жылдары Вагнердің операларын қою туралы тіпті қиялдай да алмайтынбыз, ал қазіргі өнерсүйер қауым премьералар мен қойылымдарды өз көздерімен тамашалап, жанды көріністерден ләззат алу бақытына ие... Біздің дәуіріміздегі классикалық музыка - бұл шексіздік әлемі, сондықтан бірлескен халықаралық жобаларды көптеп жүзеге асырудамыз. Атап айтқанда, опера және балет труппаларының, симфониялық оркестрлердің халықаралық құрамының болуы, әлемдік деңгейдегі солистер мен кәсіби өнер иелерінің біздің елімізге шақырылуы тәрізді музыка әлеміндегі ықпалдастықтар да артып келеді. Ал ең маңыздысы, мұндай ынтымақтастықтың қарсы тараптардың да зор қызығушылығын тудыруында. Сондықтан да американдық немесе мюнхендік радиода қазақ музыкасы туралы хабарлар зор ықыласпен дайындалады, ал Денис Мацуев міне, бірнеше жылдан бері елордалық жас пианистер байқауына қолдау көрсетіп, өскелең дарынды ұрпақтың ел ішінен суырылып шығуына ықпалын тигізіп келеді.

- Қазіргі жастардың арасынан классикалық музыкада аты жұртшылыққа танымал болып үлгерген, өзінің өнерін әрі қарай жетілдіріп жүрген таланттар ретінде кімдерді атар едіңіз?

- Классикалық музыка саласында еліміздің атын әлемге танытып, оның мәдени келбетін қалыптастырып, үлгі тұтарлық өнер иелеріне айналып жатқан жаңа есімдердің пайда болуы көңіл қуантады. Музыка әлеміне бойлауды адамның шамамен 15-18 жасында ғана бастайтынын ескере отырып, жастар ретінде 20-35 жас аралығындағы талант иелерін атап өтуге болады. Олардың қатарында Алан Бөрібаев, Ермек Құрманаев, Мария Мудряк, Қанат Омаров, Әмір Бисенғалиев, Шырын Базарқұлова сынды аса талантты жастарымыз бар... Музыканттардың кейінгі ұрпағы халықаралық деңгейде білім алған, әрі олар әлемнің ең үздік концерт залдарында өнер көрсетуде тәжірибеге де ие. Талантына жұрт тәнті болған өнерпаздарымызды қолдаудың маңызы зор. Маған Алматының опера театрының жас таланттарды тартудағы белсенділігі, "Қазақстан камератасының" дарынды оркестранттар үшін әрдайым ашықтығы өте ұнайды, жастар оркестрлерінің көптеп құрылуы тәрізді беталыстар ағымдағы жылы айрықша айқын көрініс беруде.

- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Радионың құрылуының 5-ші жылына аяқ басқан уақытта өз тыңдармандарыңызды қандай жағымды жаңалықтармен қуантпақсыздар?

- Мамыр айының соңында радиомыз Ақтау қаласында іске қосылды. Бұл радио эфирінде классикалық музыка ойнайтын Қазақстанның үшінші қаласы болды. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы хабар тарату географиясы аясын одан әрі ұлғайтпақ, бұл қуаныш тудырар жайт жақын арада орын алады деп үміттенемін. Сондай-ақ біздің жоспарымызда жаңа бағдарламалар шығару мен үлкен концерт ұйымдастыру бар. Сонымен қоса тікелей эфирде хабар тарату және тыңдармандармен эфирден тыс кездесулер өткізу үлесін арттыру да ойымызда жүр.

- Әңгімеңізге үлкен рахмет!

- Біздің тыңдармандарымызға зор алығысымды білдіргім келеді және оларды да осы айтулы күнмен құттықтаймын! Өсіп-өркендеулерін және керемет әуендердің көбейе беруін тілеймін!

Сұхбаттасқан: Гүлнар Жомартова