Еліміздің аумағында ұзақ мерзімді апаттарға қарсы бірыңғай іс-қимыл идеологиясы жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Еліміздің аумағында ұзақ мерзімді апаттарға қарсы бірыңғай іс-қимыл идеологиясы жасалады

Заң жобасының қажеттілігі апаттарға қарсы іс-қимылдың жаңа идеологиясын жасау, төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, мемлекеттік материалдық резервтер мен апаттық құтқару қызметтері саласында қағидатты жаңа тұжырымдама қалыптастыру қажеттілігінен туындады. Бұдан бөлек, құжатта өскелең уақыт талаптарына сәйкес, азаматтық қорғау саласы мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы уәкілеттілікті белгілеу мен оның аражігін ажырату қарастырылады.

Түптеп келгенде, аталған заң жобасы зор экономикалық залалға соқтыратын табиғи ауытқулар санының өсуіне, ел аумағының басым бөлігінің сейсмоқауіпті аймақтарда орналасуына, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің, соның ішінде қауіпті технологиялы өндірістер есебінен өсуіне жауап болып табылады.

Тоқтала кететін жайт, заң жобасына «азаматтық қорғау» атты жаңа түсінік енгізілген. Бұл Қазақстан халқын, нысандары мен аумағын қорғауға, азаматтық қорғаныс шараларын қоса алғанда төтенше жағдайлар аймағында қалған тұрғындарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған жалпы мемлекеттік шаралар кешенін қамтиды.

Заң жобасын қабылдау еліміздің барлық аумағында азаматтық қорғауды ұйымдастыру мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және әдістемелік өрісті қалыптастыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімге арналған апаттарға қарсы бірыңғай іс-қимыл идеологиясын жасауға септігін тигізеді.