Еліміздің аймақтарында көрсетілетін медициналық қызмет талапқа сай емес - қоғамдық кеңес

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Денсаулық сақтау саласында сенім телефондары мен қоғамдық қабылдау орындарына хабарласушылар мен медицина саласы мен онда көрсетілетін қызметтерге қатысты өздерінің ой-пікірлерін блогқа хабарлаушылар саны артуда.

Еліміздің аймақтарында көрсетілетін медициналық қызмет талапқа сай емес - қоғамдық кеңес

Бұл туралы кеше, Денсаулық сақтау министрлігінде селекторлық режимде өткен Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісінде мәлім болды.

Мәжіліс барысында көтерілген мәселелерге қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, соңғы уақытта қалың көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты мәліметтер жиі жеткізіле бастады. 2010 жылы мұндай фактілер 4,65 пайыз болса, биылғы жылы көрсеткіш 13,2 пайызды құраған. Заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдары бойынша биылғы жылы Денсаулық сақтау министрлігі құқық қорғау органдарына 300 материал жолдаған. Сонымен қатар жиын барысында арыз-шағымдардың көпшілігі жергілікті жерлердегі тұрғындармен жұмыстың ақсап жатуына байланысты жазылатындығы айтылды. Отырыс қорытындысына сәйкес, аймақтағы пациенттердің құқықтарын қорғау штабтарының жұмыстарын күшейту ұсынылды.