Еліміздің барлық емханаларына мобильді қосымша жасау міндеттеледі
«Цифрландыру тәсілдерін қайта қарап жатырмыз. Бүгін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен Әсет Исекешевтің жиналысы өтті. Біз цифрландыруды медицина қызметкерлерінің жұмысын цифрландыру деп қарастырған екенбіз. Яғни, әдеттегідей құжат айналымы мен бизнес-процестерді цифрландыру деп түсініппіз. Шын мәнінде, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, цифрландыру пациенттер мүддесіне қарай жүргізілуі керек екен. Денсаулық сақтау жүйесі анағұрлым түсінікті, ыңғайлы және ашық болу үшін адамның денсаулық сақтау жүйесімен өзара қарым-қатынасы цифрлануы керек», - деді министр Елжан Біртанов Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде.
Сол себепті, сырқаттарды басқаратын арнайы бағдарламалары бар мобильді қосымшалар барлық емханалар үшін міндеттелуі мүмкін. Дәл осы қосымшалар арқылы науқастар денсаулыққа қатысты, атап айтқанда не істеу қажеттігін біліп, екпе күнтізбесі, дұрыс тамақтану, қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат алуы тиіс.
«Қосымшада аурулардың алдын алуға, дәрігер қабылдауына жазылу және қабылдау кестесі сынды маңызды ақпараттарға басымдық берілуі тиіс. (...) Әрине, барлық азаматтар қолданбайды, бірақ біз осы бағытта жұмыс істей бермекпіз. Себебі, электронды құрылғылар арқылы мемлекеттік қызметтерді ғана емес, мемлекеттік-жеке медициналық ұйымдар көрсететін әдеттегі қызметтерді де жетілдіру қажет», - деп өз сөзін түйіндеді Е.Біртанов.