Еліміздің бас санитар-дәрігері алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы екпе алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары - еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін Астана қаласындағы №5 емханада өткен тұмау және ЖРВИ ауруларының маусымдық белең алуына арналған брифингте алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы екпе алып, елге үлгі көрсетті.

Еліміздің бас санитар-дәрігері алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы екпе алды

Алымен ол терапевтке тексеріліп алып, сосын егу кабинетіне барып вакцина салғызды.

«Өз денсаулығыңды күту керек. Бұл мәселеде ең бастысы - профилактика. Ал тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация болып қала бермек. Тұмауға бей-жай қарауға мүлде болмайды. Оның қиыншылықтары туралы айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан барлық Қазақстан халқына вакцинациядан өтуге кеңес беремін. Сонымен қатар С дәруменіне бай жемістер мен көкөністерді көбірек жеңіздер. Ең дұрысы лимон, итмұрын, қарақатты пайдаланыңыздар, кешкі асқа пияз бен сарымсақты көбірек қолданыңыздар. Қол гигиенасын жақсы сақтап, жылы киініп, жабық бөлмелерде көп отырмай, жиі желдетіп тұрыңыздар. Антивирустық жақпамайларды қолданыңыздар. Бұл қарапайым шаралар иммунитетті көтеруге көмектеседі», - деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, өзі жылда тұмауға қарсы екпемен егіліп, жоғарыда айтқан шаралардың барлығын қатаң сақтайды. Соның арқасында әзірге денсаулығы сыр берген жоқ.