Еліміздің бас санитары қызылшаға қарсы екпе жасамаудың қаупі туралы айтты
«Мектептерде фильтр жасап, балаларды адамдар көп жиналатын жерге апармау керек. Әрине, ең алдымен халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі, әлі де осы екпеден бас тартып жатқан азаматтар бар. Тұрғындардың кейбір бөлігі қызылшаны ауру деп санамайды. Ал ауруға шалдыққан балалардың дерті ертең асқынуы мүмкін. Асқынған түрі - пневмония. Екіншісі - энцифалит, бронхит, ал ең ауыры - панэнцифалит. Бұл аурудың ерекшелігі - инфекция өз-өзінен басылмайды. Күні ертең депрессия жағдайында ауру шығып кетеді», - дейді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Жандарбек Бекшин өз сөзінде атап өткендей, қызылшаның алғашқы сииптомдары - әлсіздік, тамақ пен бастың ауруы, мұрыннан судың ағып, конюктивиттің білінуі. Одан кейін ғана қызылшаның арнайы өзінің симптомы - бөртпе шығады. Сонымен бірге, Жандарбек Бекшин вакцинациядан бас тартатын ата-аналармен қандай жұмыс атқарылып жатқаны туралы сұраққа жауап берді.
«Биыл қызылшаға шалдыққан науқастардың 76 пайызы - вакцинациядан өтпегендер. Осы егілмегендердің арасында тағы бір себеп бар. 200-ден астам бала екпе жасату жасына әлі келмеген. Бізде екпе бір жастан басталады. Қазіргі таңда ауырып жатқан 262 баланың жасы - алты, жеті, сегіз айлық балалар. Осы сандардың ішінде 45-і екпеден бас тартқандардың балалары. Себебі, олардың ата-аналарының білімі төмен болуына байланысты балалар ауырып жатыр. Сол себепті, жүкті әйелдер келешекте міндетті түрде вакцина алуы керек. Қорғаныс имунитеті балаға қанмен және сүтпен беріледі», - дейді ол.
Еске сала кетсек, Жандарбек Бекшин бұдан бұрын тұрғындар міндетті түрде қызылшаға қарсы екпе жасатуы керектігін хабарлаған болатын.