Еліміздің батыс өңіріндегі нан бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында солтүстік аймақтағы элеваторларды босату жұмыстары жүріп жатыр

«Қазіргі кезде Азық-түлік корпорациясында 3,4 млн тонна азық-түлік өнімдеріне арналған астық бар. Оның ішінде 1 млн. тоннасы мемлекеттікі, ал қалған 2,4 млн. тоннасы коммерциялық ресурстарға тиесілі»,- деді Е. Аман. «Корпорациядағы астықтың жеткілікті көлемін ескере отырып, бюджеттік қаржы есебінен астықтың мемлекеттік тұрақтандыру ресурстарын қалыптастырудың қажеттілігі жоқ»,-деп атап өтті Жауапты хатшы. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде биылғы астықты қабылдауға кәсіпорындардың дайындығы 66 пайызды құрайды.
Е. Аманның айтуынша, Үкіметтің шешіміне сәйкес Азық-түлік корпорациясы солтүстік және шығыс облыстардағы астық қабылдау кәсіпорындарындағы 400 мың тоннаға жуық астықты басқа өңірлердің элеваторларына тасымалдау жұмыстарына кірісті. Оның ішінде 180 мың тоннаға жуығы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына көшірілмек. «Бұл шаралар өз кезегінде солтүстік өңірде асыра тиелген элеваторларды босатуға, сондай-ақ астық жетіспеушілігіне жол бермеу үшін және батыс аймағындағы нан бағасының тұрақтылығына кепілдік жасауға мүмкіндік береді», - деді жауапты хатшы