Еліміздің батыс өңірлеріндегі жолдар ашылды - «Қазақавтожол» РМК
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең еліміздің батыс өңірлеріндегі жолдар ашылды.
Бұл жайында «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда,кеше қатты боранға байланысты «Чапаев-Жалпақтал-Қазталовка-РФ шекарасы» жолының 0-123 шақырымында, сондай-ақ «Қазталовка-Жәнібек-РФ шекарасы» автожолының 0-162 шақырымында көліктердің жолға шығуына шектеу қойылған болатын.
Сонымен қатар, Астана уақытымен кеше сағат 16:30-дан бері «Атырау-Орал» жолының 189-492 шақырымындағы Орал-Атырау облысы шекарасы аралығы, бұдан бөлек «Орал-Каменка-РФ шекарасы» жолының 0-104 шақырымында көліктердің жолға шығуына тыйым салынған еді.
Ал кеше сағат 17:00-ден бастап «Самара-Шымкент» автожолының 261-526 шақырымындағы Орал-Ақтөбе облысы шекарасы аралығында да көліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.
Бұдан басқа, Ақтөбе облысы аумағындағы «Қобда елдімекені-БҚО шекарасы» жолының 526-615 шақырымында да көлік қозғалысы шектелген еді.
Бұл жолдар қардан тазартылғаннан кейін бүгін таңғы сағат 8:30-дан бастап автожолдардағы көлік қозғалысы қалыпты тәртіпте жүзеге асырыла бастады.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызметі (7172) 444-777 байланыс телефонымен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жолдар жөніндегі шұғыл ақпарат www.mtk.gov.kz және www.kazavtodor.kz сайттарында жарияланады.