Еліміздің белсенді жастары денсаулық сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды

АСТАНА. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымының өкілдері Денсаулық күні мерекесіне орай «Барлық қазақстандықтарға жақсы денсаулық» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысын өткізді,

Еліміздің белсенді жастары денсаулық сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Денсаулық сақтау, Білім беру, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері мен мектеп директорлары қатысты. Онда елдегі денсаулық сақтау саласына қатысты жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатқа қатысты сөз қозғаған «Жастар мәжілісі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Злойдың айтуынша, Мемлекет басшысының сөйлеген сөздерінде ылғи да денсаулық мәселесіне, халықтың денсаулығын нығайту шараларына көп көңіл бөлінеді. Осыған орай қалың көпшілік те салауатты өмір салтын ұстанудың маңызды екендігін мойындайды. Бірақ бұл мәселеде елімізде әлі де болса біршама проблемалар

бар. Айталық елде есірткіге еліткен және спиртті ішімдікке әуес жастардың саны азаятын емес. Оның үстіне олар зиянды әдеттерге ерте бастан-ақ бой ұра бастайды. Бұл, әрине, мемлекет үшін үлкен проблема. Сондықтан қазір елде балалар мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануларына қолайлы жағдай жасап, алдын-ала сауықтыру шараларын жүргізуге баса назар аудару қажет. 

Отырыс барысында «Жастар мәжілісі» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Салауатты қазақстандық» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Салауатты өмір салтын сақтау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті арасында бірлесіп қызмет ету жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Мәжіліс барысында денсаулық сақтау саласының өкілдері осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғап, осы бағыттағы болашақ жоспарларымен таныстырды.