Еліміздің бірде бір қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесі жолға қойылмаған
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Еліміздің бірде бір қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесі жолға қойылмай келеді.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.
«Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі еліміз үшін өзекті проблемаға айналып отырғаны рас. Өкінішке қарай, бізде бұл бағыттағы тәжірибеміз көңіл көншітетін емес. Мәселен, Алматы қаласында бір жылға жуық қоқыс өңдеу зауыты жұмыс істеп, кейіннен тоқтап қалғаны бар. Сонымен бірге, қазір біздің бір де бір қаламызда, бір де бір облысы орталығында қоқыс өңдеуге қатысты бірізді, жолға қойылған тиімді жүйе қалыптаспаған», - дейді Серік Нокин. Оның айтуынша, агенттік осы мәселені терең зерделеп шыққан. Соның негізінде 2020 жылға дейін 41 қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу көзделген.
«Бұл жұмысқа кешенді қадам керек. Өйткені, әрбір әкім жергілікті жерден өз күшімен мәселені шешкісі келгенімен, одан оңды нәтиже шығып жатқан жоқ. Біз осы жұмысқа брендті компаниялардың кеңесшілерін шақыртудамыз. Осы бағытта келесі жылы еліміздің 8 қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу үшін техникалық негіздеме жасалмақ. Бұған бюджеттен қолдау жасалды», - деді агенттік басшысы.