Еліміздің бірқатар аймақтарында ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталды

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қызылорда облысында елді мекендерден шалғай орналасқан аймақтардағы мұнай құбырларынан өнім ұрлаумен айналысып жүрген қылмыстық топ құрықталды.

Еліміздің бірқатар аймақтарында ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталды

Ұрылар мемлекетке 6 миллионнан астам теңгеге шығын келтірген. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, Ақтөбе облысының Қандыағаш стансысында Алматы мен Қызылорда облысының тұрғындары ұсталған. Тексеру барысында мәлім болғанындай, олар 3 цистерна ұрланған шикі мұнайды сатпақ болған. Мұнайды олар Қызылорда қаласынан жалған құжаттар арқылы тасымалдап келген. «Маңғыстау облысында 5 адамнан құрылған қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Олар атыс қаруын пайдалана отырып Украина мен Түрікменстаннан келетін ауыр жүк көліктерін тонаумен айналысып жүрген. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында елдегі банктердің операциялық залдарының бірінен алаяқтық арқылы 30 миллионнан астам теңгені жымқырып кеткен қылмыстық топ құрықталды», деді комитет төрағасы.