Еліміздің бірқатар дәрігерлері Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық орталықтан тәжірибе жинақтап қайтты

АЛМАТЫ. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Бергамо (Италия) қаласындағы кардиохирургиялық орталықта тәжірибе жинақтап келген Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері баспасөз мәслихатын өткізді,

Еліміздің бірқатар дәрігерлері Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық орталықтан тәжірибе жинақтап қайтты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш дәрігерлер тобының білімдерін жетілдіру үшін жасаған іс-сапарлары «Аяла», «Дара» сияқты қайырымдылық қорлары қауымдастығы мен «Үй» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Дәрігерлер Италияда алған тәжірибелерімен бөлісе отырып, еліміздегі балалар кардиохирургиясының дамуына қандай үлес қоса алатындары жайында әңгіме қозғады. «Бүгінгі таңда, Қазақстанда туа біткен жүрек ақауымен ауыратын балалардың тек 2 пайызына ғана операция жасалуда. Ол тек Астана қаласында іске асады, оның өзінде біз 10 келіге жетпейтін балаларға операция жасай алмаймыз. Ал елімізде, бұл операцияның жасалуына мұқтаж болып өмірге келетін сәбилердің саны 3-5 мыңға жетеді. Сондықтан біз ол жақтан балаларға қалай және қандай тәсілмен операция жасау керектігін үйрендік. Ендігі кезекте алған білімімізді, жинақтаған тәжірибемізді еліміздегі балаларға көмектесу арқылы көрсетпекпіз», дейді анестезиолог дәрігер Жандос Дәулетбеков.