Еліміздің бірқатар маңызды салаларында әлі де жоғары монополиялар сақталып отыр
Бүгін Парламент Мәжілісінде Бәсекелестікті қорғау агенттігі қызметінің негізгі бағыттары тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық даму және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
«Табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік акцияларының 50 және одан да көп пайызы бар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ монополияның жоғары дәрежесі бар субъектілердің реттелетін қызметтерінің тізбесін қысқарту жөніндегі пәрменді шараларды күшейту қажет. Мәселен, 2006 жылғы наурыздағы Үкімет қаулысына сәйкес 12 саладан тұратын табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерінің тізбесі бекітілген. Алайда, осы тізбе жаңа екі саламен толықтырылды. Дегенмен, стратегиялық жоспар мен бәсекелестікті дамыту бағдарламасында агенттік алдына мұндай тізбелерді жыл сайын қысқарту туралы нақты міндет қойылған болатын», - дейді С. Әйімбетов.
Бұл ретте депутат теміржол көлігі, отын энергетика кешені, телекоммуникация, электр энергетикасы, әсіресе әуе тасымалы салаларында әлі де болса жоғары монополияның сақталып отырғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда аталған салаларды демонополиялау бойынша нақты іс-шаралар қабылданбаған. Осы салалардағы шаруашылық жүргізуші субъектілер тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді берушілер үшін қисынсыз талаптар қоюды жалғастырып келеді, бәсекелестікті шектеп, тауарлар мен қызметтердің түпкілікті құнын арттыруда», - дейді депутат.