Еліміздің бірқатар министрліктері Ұлттық заңнама талаптарына мойынсұнбай отандық сүтті сатып алудың орнына ресейлік және беларусьтық өнімге құмар

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар министрліктері Ұлттық заңнама талаптарына мойынсұнбай отандық сүттің орнына ресейлік және беларусьтық өнімді сатып алады. Тіпті ол өнімдердің бағасы қазақстандық тауарларға қарағанда біршама жоғары.
None
None

Бұл туралы бүгін елордада өткен 1-ші қазақстандық сүт форумында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, еліміздің ішкі нарығын сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде проблема туындап отыр. Сондықтан да аталған өнімдерді сыртқы нарыққа шығару туралы айтудың өзі ерте. «Әрине, біз бұл жайында да ойластырып, стратегиялық мақсаттар түзуге тиістіміз. Бірақ нарықты қорғау туралы тактикалық міндеттерді алып тастамауымыз керек. Мәселен, сіздер біздерді мемлекеттік сатып алулар туралы заң бар және 44 бапты ешкім алып тастаған жоқ дейсіздер. Бұл ретте біз нарыққа зерттеу жүргіздік. Сөйтсек, Қорғаныс, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында бұл нормаларды айналып өтіп, Беларусь пен Ресейде өндірілген сүт өнімдерін сатып алады екен. Демек, қазақстандық өндірушілер бәсекеге қабілетсіз болғаны ғой, тіпті, біз баға факторына да сараптама жасадық. Беларусь және Ресей өнімдері отандық өндірушілердің  тауарларынан қымбат екен», - деді ол.

Сонымен қатар вице-министрдің сөзіне қарағанда, елімізде сүт өндіру көлемі соңғы 20 жылдың ішінде 2 есеге дейін төмендеген. Яғни, 20 жыл бұрын сауылған сүттің 65 пайызы өңделіп келсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш не бәрі 30 пайызды ғана құрап отыр. Ал ішкі нарықты отандық өндірушілердің тауарлары 64 пайызға ғана қамти алады. Демек, қалған 36 пайыз импорт есебінен жабылуда.

«Сондықтан да біз сындарлы, ашық сұхбат жүргізіп, барлық проблемаларды көтеруіміз, ішкі нарықты  алдамшы өнімдерден қорғаудың бірлескен жоспарын әзірлеуіміз қажет», - деді М.Өмірияев.

Соңғы жаңалықтар