Еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті өкілетті органдардағы әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды - Г.Әбдіқалықова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті өкілетті органдардағы әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференция барысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

 Еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті өкілетті органдардағы әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды - Г.Әбдіқалықова

«Тәуелсіздік жылдарында елімізде ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, отбасы рөлін нығайту, ана мен балаға қамқорлық жасау, әйелдер қауымына қолдау көрсету сияқты игілікті істер жүйелі жүзеге асырылуда. Бүгінгі алқалы басқосуда осы бағытта атқарылған ауқымды жұмыстардың елеулі саласына жан-жақты тоқталатын боламыз. Сонымен, баршаңызды ҚР-дағы гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларын талқылау жөніндегі халықаралық конференцияға қош келдіңіздер, демекпін», - деді жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы.
Оның атап өтуінше, стратегияны іске асыру жылдарында Қазақстан елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, бүгінде Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі 27,1 пайызға жетіп отыр. Ал бұл көрсеткіш 2006 жылы 10,4 пайыз болған еді. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі 2006 жылғы 16,7 пайыздан бүгінде 22,2 пайызға жетті.
«Бірқатар өңірлерде, атап айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында және Алматыда жергілікті өкілетті органдарда әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды. Бұл ретте ең жоғарғы көрсеткіш Қостанай облысында 31,6 пайыз екендігін атап өткен орынды», - деді Г.Әбдіқалықова.