Еліміздің бірнеше аймағында республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысатын бас балуандар анықталды

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу кезеңінің үшінші айналымы аяқталып келеді. Бүгінде, еліміздің бірнеше аймағы бас балуандарын анықтады. Бұл туралы «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Бейбіттей батырымен мақтанатын Жамбыл облысы да жүзден жүйрік шығып, топтан озған балуандарын анықтады. Тараз қаласында өткен облыстық сындағы «Түйе балуандар» сайысына жалпы есебі 26 балуан қатысқан еді. Облыстағы мамандар мен бапкерлер қауымы салмағы ауыр Жасұлан Әбішев, Бақтияр Сұлтанбек сынды талантты спортшыларға финал жолдамасы бұйыруы мүмкін деген болжам айтты. Бірақ, кілемде бәрі басқаша өрбіді. Талас ауданының тумасы, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Дәулетхан Жақыпов барлық қарсыластарын айла қалдырмай жеңді. Салмағы 82 келі тартатын Дәулетхан Жамбылдағы алыптардың бірі Жасұлан Әбішовті жартылай финалда сүріндірді. Оның алдында Дәулетханнан әлдеқайда ауыр Бақтияр Сұлтанбек болашақ чемпионға жол берген еді. Финалда Талас ауданының екі өкілінің жолы түйісті. Өте тартысты өткен белдесуде 108 келі салмағы бар Айдос Дәулетхан Жақыповты тағы да жеңе алмады. Тағы деуіміздің себебі жоқ емес. Талас ауданында өткен финалда осы екі балуан белдесіп, сол кезде де Дәулетханның мерейі үстем болған. Осылайша, салмағы жеңіл болса да, әдіс айласы көп Дәулетхан «Тараз барысы» атанды. Дәулетханға турнирді ұйымдастырушылар 150 мың теңге көлемінде сыйақы мен теледидар ұсынды. Енді Дәулетхан мен Айдос республикалық сында бақ сынайды.

Жамбылмен көршілес жатқан Шымкент өңірінде Назар Ерсұлтановтың айы оңынан туды. Жетісай ауданында өткен облыстық турнирдің финалында салмағы 158 келі тартатын, «Қазақстан Барысындағы» ең алып балуан Назарға ешкім қарсылық көрсете алмады. Оңтүстіктің үмітін арқалап, республикалық финалға екінші орын иегері Самат Есен де қатысады.

Ал, Астана қаласында Ғани Сейділдаев екінші мәрте үздік шықты. Былтыр «Қазақстан барысының» финалында белдескен тәжірибелі балуан қарсыластарын таза жеңіп, мәртебелі турнирдің ақтық айқасына жолдама алды. Ғанидан бөлек, жас балуан Асхат Уәлиев те Астана намысын қолдан бермеуге тырысады.

Соңғы жаңалықтар