Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш құжат кеден заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі келісімдеріне сәйкестендіру мақсатында және Қазақстанның аталған ұйымға кіруі жөніндегі келіссөздер кезінде АҚШ тарапынан ұсынылған ескертулерді жою үшін әзірленген. Заң жобасы бойынша Мәжілістің барлық комитеттерінің өкілдері өздерінің қорытындыларын берген. Осы құжатқа байланысты келіп түскен ұсыныстардың барлығы мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс тобының 9 отырысында қаралған. Жұмыс тобына барлығы 30-дан астам ұсыныстар келіп түсіп, оның 25-і қабылданған.