Еліміздің экономикасын, экологиясын және жалпы ұлттық қауіпсіздігін аэроғарыштық мониторинг жүйесі арқылы дамыту қажет - Сенатор Б. Жылқышиев

АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің экономикасын, экологиясын және жалпы ұлттық қауіпсіздігін аэроғарыштық мониторинг жүйесі арқылы дамыту қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Болат Жылқышиев осылай мәлім етті.

Еліміздің экономикасын, экологиясын және жалпы ұлттық  қауіпсіздігін  аэроғарыштық мониторинг жүйесі арқылы дамыту қажет - Сенатор Б. Жылқышиев

«Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетіне Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен ұсыныс келіп түсті. Қазіргі таңда тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және қоғамдық мүдделердің негізгі салаларын одан әрі дамыту, оларды жүзеге асыру шаралары тиімді жолдарды қолдануды қажет етеді. Осы бағытта еліміздің экономикасын, экологиясын және жалпы ұлттық қауіпсіздігін аэроғарыштық мониторинг жүйесі арқылы дамыту мәселесін қарастыру ұсынылады. Келешекте ауыл шаруашылық салаларының дамуына, табиғи ортаның дұрыс пайдалануына бағытталған маңызды ақпаратты орталықтандыратын жүйелі түрдегі аэроғарыштық мониторингтің өте тиімді екені ешқандай күмән келтірмейді. Мұндай ақпараттың маңыздылығы - оны бұрмалауға немесе жасыруға бағытталған әрекеттерден тәуелсіз болуына, субъектілердің заңды тәртіпте әрекет етуіне, бюджетке төлемдердің түсуіне дұрыс ықпалын тигізеді», - деді комитет төрағасы сенатор Болат Жылқышиев.

Оның айтуынша, аталған шараларды іске асыру үшін тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзіретіне жатады. Сондықтан, депутат Үкімет басшысынан қолдау сұрады.