Еліміздің еңбек нарығына келген шет ел жұмысшылары жоғары талаптарға сай болуы тиіс
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздің еңбек нарығына шет ел жұмысшылары келген жағдайда, олар жоғары талаптарға сай болуы тиіс.
Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан энергетика саласындағы кадрлық саясат мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында болған брифингте «KazEnergy» қауымдастығының білім беру, кадрларды даярлау және персоналды басқару мәселесі жөніндегі үйлестіру кеңесінің тең төрағасы Асан Нұғманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің ұсыныс та шетелдік жұмыс күшін ауыстыру болып отыр. Алайда, оларды елімізге кіргізгенде, біздің талапты мамандандырылған іріктеуге негіздеу керек. Атап айтқанда, олар ең жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Ол үшін жаңа ережелер қабылдануда. Бұған ұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар бағытталып отыр», деді ол.
Осы орайда Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталған ол, «соңғы жарты жылда осы нақты мақсатты шешудегі шаралар жасалып жатыр. Бұған дейін қаралмаған кадрлық жоспарлау, олардың сапасына қатысты мәселелер іс жүзінде іске асырылуда», деді.
А. Нұғмановтың айтуынша, қазіргі кезде тиісті органдармен техникалық стандарттар мәселесі қаралуда. «Бұған дейін, яғни 15 жылдың көлемінде осы мәселе әлі де шешілген жоқ. Атап айтқанда, мұнай-газ саласы үшін персоналды оқытудың стандарттары бекітілмеген. Жалпы алғанда, олар бар, бірақ нақты кәсіпорын деңгейіне жеткізілмеген. Енді осы бойынша біз жұмыстарды жалғастырамыз», деді ол.