Еліміздің фаунасына арналған «Қоқиқаз» атты 500 теңгелік шақа айналымға шықты

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі еліміздің фаунасына арналған 500 теңгелік шақаны айналымға шығарды.

Еліміздің фаунасына арналған «Қоқиқаз» атты 500 теңгелік шақа айналымға шықты

Монетаның нысаны сопақша. Бет жағының (аверсінде) ортасында монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазуы бар. Номиналдың төменгі жағында монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін «Ag 925 24 g» деген жазу, монетаның соғылған жылын білдіретін «2009» деген сан жазылған. Жоғарғы бөлігін айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу мен Қазақстан Теңге сарайының тауар белгісі бар. Монетаның төменгі бөлігінде көбелектің стильдендірілген контурлы суреті және өсімдіктер композициясы бейнеленген.

Монетаның сырт жағының (реверсінде) ортасында екі қоқиқаз, күн дөңгелене бейнеленген және құстың су бетінде шағылысқан кескіні голографиялық тәсілмен бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде айналдыра мемлекеттік тілде «ҚОҚИҚАЗ» және латын тілінде «PHOENICOPTERUS Roseus» - түрдің атауы жазылған.

Монетаның беткі және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленіп жазылған. Қыры (гурт) бедерлі.

Монета 925 сынамалы күмістен, массасы - 24 грамм, сопақтығы - 38,61 х 28,81 мм., «proof» сапасымен дайындалған, таралымы - 4 мың дана. Номинал айналымға 2009 жылғы желтоқсанның 25-інде шықты.