Еліміздің халықаралық резерві 1 жылда 1,1 млрд долларға ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің халықаралық резерві 1 жылда 1,1 млрд долларға ұлғайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің халықаралық резерві 1 жылда 1,1 млрд долларға ұлғайды

«2022 жылы жалпы халықаралық резервтер 90,8 млрд долларға дейін 1,1 млрд долларға ұлғайды. Алтын-валюта резервтері еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің ұлғаюына байланысты былтыр 35,1 млрд долларға дейін 696 млн долларға өсті. Алдын-ала деректер бойынша, Ұлттық қордың активтері өткен жылы 55,7 млрд долларға дейін 403 млн долларға артты», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджетке 4,6 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап 4,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды.

«Дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейту риторикасына байланысты облигациялар мен акциялар нарығы жыл басынан бері едәуір төмендеді. Алайда, қор құрылған сәттен бастап оның ұзақ мерзімді кірістілігі жылдық мәнде 3,02 пайыз болды», - деді Ғалымжан Пірматов.