Еліміздің халықаралық резервтері 94 млрд доллардан асты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің халықаралық резервтері 94 млрд доллардан асты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы халықаралық резервтер шілде айының соңында 94,4 млрд доллар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері шілде айында 34,2 млрд долларға дейін 0,8 пайызға төмендеді. Ұлттық қордың активтері 60,2 млрд долларға дейін 0,7 пайызға ұлғайды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,4 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың 4,1 млрд долларға валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат – 2,7 трлн теңге», - деді ол.
Виталий Тутушкиннің айтуынша, Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы жағдайдың даму барысын қадағалап, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және инфляцияны одан әрі төмендетуге бағытталған тиісті іс-шараларды қабылдауды жалғастырады.