Еліміздің ХҚКО-ларында 35 жаңа қызмет іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маусым айынан бастап қазақстандық ХҚКО-ларда пилоттық режімде 35 жаңа қызмет қолжетімді болды, деп хабарлайды «ХҚКО» РМК баспасөз қызметінен.
None
None

Атап айтқанда, енді халыққа қызмет көрсету орталықтарына салық есептілігін қабылдауға/кері қайтаруға, жеке кәсіпкерлерге патент беруге, қамқоршыларға жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап-бағуға жәрдемақы тағайындауға, Қазақстан Республикасына жеке істер бойынша келуге шақыруларды ресімдеуге және т.б. үшін жүгінуге болады. «ХҚКО» РМК бас директоры Әсемгүл Балташеваның айтуынша, қазіргі уақытта 9 мемлекеттік органның 35 қызметі берілді. «Әзірге осы қызметтердің стандарттары қаралып жатқанда, олар ХҚКО-ларда пилоттық режімде ұсынылатын болады. Оларды бекіткен соң, пилоттық жоба аяқталады және қызметтер ХҚКО-ларда жалпы негізде көрсетілетін болады», - деп атап өтті ол. Ә.Балташева сонымен бірге еліміздің ХҚКО-ларына жаңа қызметтерді ендіру бойынша жұмыстар жалғасатынын хабарлады. Жыл аяғына дейін ХҚКО-ларға тағы да 20-дан астам жаңа қызметтер, олардың ішінде инвестициялар және даму, ауыл шаруашылық, әділет, қаржы және қорғаныс министрліктерінің қызметтерін ендіру жоспарлануда. Осылайша, көрсетілетін қызметтер саны 212-ге жетеді. 2011 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлығы 59 қызмет көрсеткен, 2012 жылы - 113 болса, 2014 жылы олардың саны 171-ге жеткен. ҚР ХҚКО-ларда ағымдағы жылғы 4 ай ішінде көрсетілген қызметтер саны 13 711 696 құрайды, соның ішінде 10 миллионнан астамы - электрондық.

Соңғы жаңалықтар