Еліміздің индустрияландыру картасы бойынша жылдың соңына дейін құны 459 млрд. теңгенің 72 жобасы аяқталатын болады
азанның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Еліміздің индустрияландыру картасы бойынша жылдың соңына дейін құны - 459 млрд. теңгені құрайтын 72 жоба аяқталатын болады. Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев мәлім етті.
Оның мәліметтеріне қарағанда, еліміздің Индустрияландыру картасы аясында құны - 840 млрд. теңгені құрайтын 144 жобаны іске қосу көзделген. Өз кезегінде, осы жобалардың аясында 20 мың жұмыс орнын ашу тиіс болатын. Іске қосылған кейбір жобалар қуат деңгейіне шыққанша тұрақты бақылауда болады. Ал кейбіреулері толық қуатында жұмыс істеп, экономиканың түрлі салаларында өз тиімділігін көрсетуде. Бұл ретте игерілген инвестицияның көлемі 372 млрд. теңгені құрап отыр.
«Қазанның 7-сі күні әкімдіктер мен министрліктердің, ұлттық холдигтер мен банктердің басшылары орынбасарларының қатысуымен кезекті селекторлық мәжіліс өткізіліп, онда әрбір жобаны жіті, жан-жақты талқыладық. Ондағы кейбір мәселелер жедел түрде шешілді. Біз екінші жарты жылдықта іске қосылуы тиіс жобалар бойынша барлық ұсыныстарды қарадық. Осыған сәйкес жыл соңына дейін барлық 80 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, жыл бойында біз құны - 805 млрд. теңгені құрайтын 152 жобаны өткіземіз. Ол 24 мың жұмыс орнын қамтитын болады", деді Б. Камалиев..