Еліміздің ірі 16 қаласын аралап өтетін автошеру Алматыға келді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның негізгі мақсаты - Ауған соғысында қаза болғандардың есімін мәңгіге сақтау, жастарды патриоттық пен интернационалдық тұрғыда тәрбиелеу.
Автошерудің ұтқыр отряды Ауған соғысының 15 ардагерінен, «Ардагер» жауынгер-интернационалистер ансамблінен құралған. Олар еліміздің ірі 16 қаласын аралап, 25 қыркүйекте Астана қаласында сапарды аяқтайды.
Бүгін Алматыға келіп жеткен автошерудің қатысушылары Алматы қаласы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы, Ауған соғысы мен локалды соғыс ардагерлері кеңесінің өкілдерімен бірге 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтың Даңқ мемориалына салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Бұл маңызды шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
9 жылдан астам уақытқа созылған жарияланбаған бұл соғыс әлі күнге дейін жұмбақ күйінде. Осы уақыт аралығында кеңестің он мыңдаған әскери қызметкері мен мыңдаған бозбалалар Отанға қызмет ету мен әскери борышқа адалдықтың үлгісін көрсете білді.
Ауған жеріне 22 269 қазақстандықтың табаны тисе, оның ішінде 924 адам опат болды, 21-і хабарсыз кеткендер қатарында.