Еліміздің ішкі көші-қон мәселелерін реттеу мақсатында заңдарға түзетулер енгізіледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі сәтте мемлекетте Қазақстан азаматтарының да, шетелдіктердің де ішкі көші-қоны туралы ақпарат мүлдем жоқ. Бұл нақты өңірлерге қатысты мемлекеттік шешімдерді болжамдау және қабылдау кезінде дәлсіздіктерді негіздейді. Экономиканың ағымдағы жай-күйін ескере отырып, осы фактор қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз етуге де әсер етеді.
Жоғарыда жазылған мән-жайларға орай ішкі көші-қонды есепке алу, бақылау және реттеу мәселелерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттілігі туындады.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты тұратын жері бойынша тіркеу тәртібі Қазақстан Үкіметінің 2000 жылғы шілденің 12-сіндегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесімен айқындалған.
Сонымен бірге ішкі көші-қон мәселесін заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.
Атап айтқанда, азаматтардың тұрақты тұратын жері бойынша тіркеуді, ал тұратын жерін ауыстырған жағдайда - есептен шығуды жүзеге асыру міндеті айқындалады, тіркеу мерзімдері белгіленеді. Шетелдік азаматтар үшін тұрақты немесе уақытша тұратын жерін ауыстырған жағдайда жаңа келген жері бойынша тіркеу міндеті айқындалды.
Бұдан басқа, көші-қонды реттеудің жанама шараларын бекіту бөлігінде Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді.
Еңбек кодексінде жұмыс берушінің жергілікті тұрғындар болып табылмайтын адамдарды еңбекке орналастыру туралы уәкілетті органдарға хабарлау міндеті айқындалды. Еңбек шартында жеке тұлғаның тіркелген орнын бекіту бөлігінде де өзгерістер енгізілді. Бұдан басқа, еңбек шартын жасау үшін қажетті құжаттар тізбесі, атап айтқанда, тұрғылықты жерін растайтын құжаттардың көшірмесін беру кеңейтілді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда белгіленген нормаларға сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер енгізілді, сонымен бірге көші-қон саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік күшейтілді, құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары нақтыланды.
Осы заң жобасы қабылданған жағдайда көші-қон процестерін тиісті түрде бақылауды қамтамасыз ету күтіледі, елде жеке тұлғаларды есепке алу қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде, тұтастай алғанда мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімділігіне әсер етеді.