Еліміздің ішкі көші-қон мәселесіне ерекше көзқарас болған жөн - профессор пікірі

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның ішкі көші-қон мәселесіне ерекше көзқарас болған жөн. Себебі ол азаматтар еңбек ресурсы ғана емес, болашақ Астананың мерейін көтеретін күш болып табылады.

Еліміздің ішкі көші-қон мәселесіне ерекше көзқарас болған жөн - профессор пікірі

Бүгін Астанада өткен Қазақстандағы көші-қон мәселелеріне арналған конференцияда профессор Тыныштық Қалдыбаева осылай айтты.

«Еліміздің басқа аймақтарынан келген азаматтарға тек өз мүддесін шешіп, табыс көру үшін ғана келгендер ретінде қарамау керек. Оларды Астананың болашақ азаматы, елорданың келешек келбеті деп есептеу қажет-ақ. Себебі олар еңбек ресурсы ғана емес, сонымен қатар білім мен мәдениеттің ресурсы да бола алады. Әрине, Астанаға келгендердің барлығына да бірден жағдай жасау қиынға соғар. Бірақ елордамыздың даму стратегиясында бұл өте зор орын алатын мәселе деп ойлаймын», - дейді Т.Қалдыбаева.

Сондай-ақ өз сөзінде ғалым еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Астанада кәсіби дайындығы жоғары жас мамандарды шоғырландыру мәселесін ерекше атап өтті. «Олардың тұрғын-үй жағдайын шешу жолында қолжетімді жатақханаларды көбірек салу қажет. Ондай тәжірибе Кеңес үкіметі кезінде болған. Бұл Астананың қауіпсіздігі үшін де аса қажет. Себебі бүгінде қаланың шет аймақтарында баспана жалдап жүрген азаматтарды бақылау қиын. Ол жерлерде қылмыстық оқиғалардың жиі орын алуы да осыдан. Ал арзан әрі қолжетімді шағынаудандарды салу арқылы біз біріншіден, жас мамандарды тұрғын-үймен қамтамасыз етсек, екіншіден, елордадағы қоғамдық қауіпсіздікті бақылауда ұстай аламыз», - деп атап көрсетті Т.Қалдыбаева.