Еліміздің ішкі нарығында өндірілетін дәрі-дәрмектердің 20 пайызға жуығы экспортқа шығарылады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде өткен көшпелі мәжілісінде бұл туралы вице-премьер- индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында фармацевтика саласында өндірілетін өнімдердің көлемін бірнеше есе ұлғайту жоспарланып отыр. Ә. Исекешев қазіргі таңда Қазақстан негізінен мұнай, газ, астық және металдарды экспортқа шығаратынын айта келе, индустрияландыру бағдарламасы аясында шикізаттық емес сектор өнімдерінің экспортын ұлғайту жоспарланып отырғанын атап көрсетті. Бұл ретте қазақстандық экспортты сыртқы нарықтарға жылжыту жұмысымен «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ айналысатын болады.
Айта кетейік, 2010 жылдың мамыр айында «KAZNEХ» экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы» АҚ «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ болып қайта құрылған болатын. Жаңа құрылған органның негізгі мақсаты - экспортты дамыту және жылжытумен қатар Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар тарту болып табылады. Мұндай ұйымдар әлемнің 119 елінде жұмыс жасайды және экспортты жылжытуға және инвестициялар тартуға жәрдемдесуі тиіс.