Еліміздің кәсіпқой боксшылары бүгін АҚШ-қа аттанады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспановтың айтуынша, бұл сапардың негізгі мақсаты - бірігіп жаттығу өткізу, турнирлерге қатысып, әлемдік кәсіпқой бокс промоутерлерімен танысып, келісімдер жүргізу.
"Соңғы 2-3 жылда ТМД және көршілес мемлекеттер арасындағы өткізген жарыстар қазақстандық жігіттердің деңгейін көтерді. Осы жылдың 5-ші наурызында Хьюстон қаласында АҚШ пен Қазақстан арасында кезекті кездесуі болады. Сондай-ақ Майями қаласында екі апталық біріккен жаттығулар мен бапкерлердің семинары өтпек. Бұл сапарға 15 боксшы барады, олар кәсіпқой бокс және ережесіз жекпе-жектен шығып жүрген жігіттер", дейді Б.Оспанов.
"Америкаға барып үлкен рингте өнер көрсету бұрыннан келе жатқан арманым еді. Бүгінгі күні осындай спорт жанашырларының ұйымдастыруымен ол жаққа баруға мүміндік туып отыр. Қазіргі уақытта қарсыласымның кім екенін білмеймін, дегенімен 70 келі салмақта өнер көрсететін болам. Сол жақта промоутерлердің қызығушылығы болып жатса АҚШ-та қазақтың туын желбіретеміз деп ойлаймын", дейді ережесіз жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаров.