Еліміздің кеденшілері бірінші тоқсанда есірткілік заттарды контрабандалаудың 25 фактісін анықтады

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің өкілдері 131 қылмыстық және 2 мың 888 әкімшілік іс қозғады.

 Еліміздің кеденшілері бірінші тоқсанда есірткілік  заттарды контрабандалаудың 25 фактісін анықтады

Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте аталмыш комитет төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейісбеков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, кеденшілер 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында еісрткілік заттарды контрабандалаудың 25 фактісінің жолын кескен. Олардың 16-ы иісшіл иттердің көмегімен анықталған. Тәркіленген есірткі көлемі 12,696 келіні құрады. «Айталық 11 қаңтар күні «Достық» кеден бекетінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол кеденнен құны 150 мың 570 АҚШ доллары болатын 6 вагон жез алып өтпек болған. Ал Жамбыл облысының кеденшілері «Меркі» кеден бекетінде «Бішкек-Луговое» бағытында жылжып бара жатқан пойыздағы Қырғызстан азаматшасынан 5 келі 920 грамм героин тапты»,-деді комитет төрағасының орынбасары.