Еліміздің кез келген азаматы Жолдаудан жаңалық пен жақсы өзгеріс күтеді – депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды бастамалар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАҚпарат тілшісі.

«Президенттің Қазақстан Халқына Жолдауын қыркүйек айында жариялауы қоғамда игі дәстүрге айналды. Осы кезең еліміздегі серпілісті кезеңі екені де жасырын емес. Еліміздің кез келген азаматы Жолдауда мемлекетке, өзіне, жақындарына қатысты бір жаңалық, жақсы өзгеріс күтеді. Биыл да көпшіліктің көкейінде жүрген көп дүние Президент тарапынан қолдау тауып, жарыққа шықты», - дейді депутат агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Депутат президенттік реформа жалғасын табатынын, қордаланған мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты. Саяси жүйені демократизациялау процесі үздіксіз жүргізіледі. Яғни, бүкілхалықтық референдум, әкімдер сайлауы осы бағыттағы жұмысты көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да ел үшін өзекті мәселелер бойынша референдумдар өткізу ұсынылып отыр.

«Жолдаудағы маңызды бағыт – экономикадағы нарықтық бәсекені қалыптастыру. Қазақстанның бұл үшін барлық мүмкіндігі бар. Жерасты байлығын тиімді пайдалану мәселесі аса өзекті. Президент бұл салаға шетелдік инвестиция тарту қажеттігін айтты. Бұл саладағы мамандар мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Елімізге мықты геологтар керек», - деді Ә. Рахметова.

Депутат ауыл шаруашылығы секторында да үлкен серпіліс болады деп есептейді. Еліміздің өзін ғана емес, өзге елдерді де азық-түлікпен қамтамасыз ететін әлеуеті бар. Ендігі міндет – мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың тиімділігін арттыра отыра, өнімділікті көтеру болып отыр.

«Әлі толық меңгере алмай, айтарлықтай нәтиже көре алмай жатқан салаларымыз – заманауи энергетика, жасыл экономика, цифрландыру, жасанды интеллект, жаңашыл өңдеу өндірісін дамыту бағыттарында жаңа серпіліс керек. Президент бұл бағыттарға ерекше көңіл бөліп отыр. Технология дамымай алға басу мүмкін емес, креативті индустрияны дамыту – заман талабы. Талап мемлекетке, атқарушы органдарға ғана емес, адамның жеке басына да артуы керек. Еліміздің халқы жас. Қызыл сөзден, құр әңгімеден гөрі нақты іске кірісіп, болашағын ойлайтын жастардың заманы», - деп пікір білдірді Сенат депутаты.


Соңғы жаңалықтар