Еліміздің көлік прокуратурасы Инвестициялар министрлігін айыптады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас көлік прокуроры Марат Әлиханов еліміздің Инвестициялар және даму министрлігін теміржол стансаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әрекетсіздігі үшін айыптады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің көлік прокуратурасы Инвестициялар министрлігін айыптады

Теміржол бойында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заңдылықтың жай-күйі мәселелері жөніндегі кеңесте мәлім етілген деректерге қарағанда, соңғы 10 жылда теміржол бойында 1100-ден астам адам жарақаттанып, оның 700-і қаза тапқан. Өкінішке орай олардың арасында балалар да бар. Соңғы бес жылда 50 бала қаза болған. Ағымдағы жылдың өзінде 71 төтенше оқиға тіркеліп, соның салдарынан 52 адам көз жұмған.

«Түбегейлі шараларды бірлесіп әзірлеу қажеттігі пісіп-жетілді. Олай болмаған жағдайда бұл проблема ушыға береді. Ұлттық оператор бұл саладағы шынайы жағдайды білмейді. Елді мекендерге тақау 400-ге жуық станса мен учаскеде қоршау жоқ. Мұнан бөлек, теміржол арқылы қауіпсіз өткел барлық жерде бар емес. Бұл адамдардың саналы түрде бастарын қатерге тігіп, рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтуге итермелейді», - деді Марат Әлиханов.

Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясы өзінің шығыстарын қысқарту мақсатында теміржол стансалары аумағын күзетуден бас тартқан.

«Яғни, стансалық нысандардың не қоршауы, не күзеті жоқ. Бұл жағдайдың қайғылы салдары, адам өлімі де бар. Қазіргі уақытта заңнама ҚТЖ-ға аталған нысандарды күзетпен қамтамасыз етуді міндеттемейді. Осылайша, ақша үнемдеумен адам өмірі арасында таңдау тұр. Күн сайын қауіпті жүктерге қызмет көрсететін станса нысандарының стратегиялық мақсатын да естен шығармаған жөн. Лаңкестікке қарсы қорғаныс тұрғысынан алып қарағанда бұл бағыт ашық-шашық жатыр. Осы салаға өкілетті мемлекеттік орган Инвестициялар және даму министрлігі әрекетсіз отыр. Біз бұл мәселені өкілетті орган мен ҚТЖ алдында бірнеше мәрте көтерген едік. Алайда, қазіргі уақытқа дейін аталған жағдайды түзетуге бағытталған қандай да бір іс-шара қолға алынған емес», - деді еліміздің Бас көлік прокуроры.