Еліміздің көмір өндірушілері көмірді биржа арқылы сатылатын тауарлар тізбесіне кіргізуге наразы
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Республикалық кен өндіруші және кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Төлеген Мұқанов айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік салаларға, мекемелерге берілетін коммуналдық-тұрмыстық көмір 15-20 миллион тоннаға жетіп отыр. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамы жылына 6 миллион тонна көмір өндіретін болса, соның 3 миллиондайы коммуналдық-тұрмыстық жағдайларға беріледі. «Ал биржа арқылы сатылатын тауарлар тізбесіне кіргізсек, көмір өндіретін кәсіпорындарға қандай кедергі келтіреді десек, біріншіден қазіргі уақытта кәсіпорындар көмір алатын мекемелермен ұзақ мерзімді келісімшарт арқылы жұмыс істейді. Яғни, көмір алатын мекемелер белгілі. Олар сол арқылы жыл бойы қажетті көмірін өндіре алады. Сатылымға шығарылған тауардың ақшасы да уақытымен түсіп отырады. Ал биржа маусыммен жұмыс істейді. Ол қыркүйек, қараша айларында басталатын болса, аталған кезеңде кәсіпорын 3 миллион тонна көмірді өндіре алмайды. Демек, көмір өндіру 30 пайызға дейін кемиді», деді ол өз сөзінде.
Сондықтан көмірді биржа арқылы сатуға шығаруға қарсы екендігін жеткізген оның сөзіне қарағанда, еліміздегі осы саладағы кәсіпорындарының басшылары қол қойған үндеу әзірленіп, ол Үкіметке жіберілмек.
«Биржа жасалған келісімшарттан 0,1 пайыз, ал брокерлер сатылған көмірдің құнынан 2 пайызға дейін сыйақы алады. Бұл көмір бағасына әсер етіп, қымбаттауы мүмкін», деп түйіндеді сөзіне Т.Мұқанов.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл құжат еліміздің «Жеке кәсіпкрлік туралы» заңын бұза отырып, көмір өндірушілердің уәжін ескермей, тек биржашылардың мүддесі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ олар көмір еліміздің энергиялық теңгерілімінің 78 пайызын құрайтындығын алға тартып, дағдарыстан кейінгі кезеңде әлеуметтік маңызы бар тауармен тәжірибе өткізу орынсыз деп санайды.