Еліміздің көптеген өңіріне жаңа ЖЭО салу қажет – Болат Ақшолақов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің көптеген өңіріне жаңадан жылу электр орталығын салу қажет. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің көптеген өңіріне жаңа ЖЭО салу қажет – Болат Ақшолақов

«Шығыс пен Солтүстікті газдандыру қажеттігін жоққа шығара алмаймыз. Барлығы бірден, бір сәтте жасала салмайтыны түсінікті. Кейбір өңірге жеке әдістер қажет болады. Мәселен, Риддерге қатысты, егер қазандықты ауыстыру керек болса, онда оны жасауға тура келер. Сонымен қатар отынның қандай да бір жаңа түрін, айталық газ қолдану мүмкіндігі болса, көмірмен істейтін жаңа қазандық салудың қажеті шамалы. Мұның бәрі де ескерілетіндігі сөзсіз», - деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол тілшілердің Риддерде жаңа жылу электр орталығын салу мүмкіндігіне қатысты сауалына жауап берді.

«Есептеу қажет. Бұл жай ғана жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету емес қой. Тарифі де бар. Мұндай қажеттілік көптеген өңірде бар. Оларда ескірген стансаларды, тозған желілерді ауыстыру қажет», - деді Болат Ақшолақов.