Еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін дамытудың үш басымды бағыттары айқындалды

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда еліміздің цемент, бетон және керамикалық плитка шығару саласындағы өндіруші күштері жеткіліксіз. Сондықтан Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық дамуы жөніндегі Үйлестіру кеңесі аясында құрылған жұмыс осы бағыттарға ерекше басымдық беріп отыр.

Еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін дамытудың үш басымды бағыттары айқындалды

 Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық дамуы жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Нұрбек Раев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда еліміздің құрылыс саласындағы отандық өнім өндірушілердің үлесі 53 пайызды ғана құрап отыр. Шетелдік тауар өндірушілері болса, керамикалық плитка, санфаянс, төсеніштер, бояулар, құрылыс шынысы және тағы басқа негізгі әрі қажетті құрылыс заттарын экспорттап, әлі күнге дейін еліміздің құрылыс нарығындағы басты тауар жеткізушілер ретінде қарастырылуда. «Оған қоса, алдағы уақытта елімізде цементтің тапшылығы сезіледі. Болжам бойынша, 2014 жылы осы өнімге деген жылдық сұраныс 68 млн. тоннаға дейін өспек. Бүгінгі таңда отандық өндірістің күшімен жылына 5,5 млн. тонна және қосымша ресурстардың көмегімен 8,3 млн. тонна цемент өндірілуде. Сондай-ақ қазіргі уақытта бетон және керамикалық плитка өндірісін қолға алу аса қажет. Осыған орай, бүгінде Үйлестіру кеңесі аясында құрылған жұмыс топтары аталған үш салаға ерекше басымдық беріп отыр», - дейді Н.Раев.

Вице-министрдің айтуынша, ҚР Индустрия және сауда министрлігі   еліміздің индустриялды-инновациялық дамуы жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жұмысы аясында машина жасау, ғарыш және туризм салалары бойынша арнайы жұмыс топтарын құруды ұсынуда.