Еліміздің медицина қызметкерлері Астанада біліктілікті арттыру циклдерінен өтуде
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың қазан-желтоқсан айларында Астана қаласының Оқу-клиникалық орталығының базасында медицина қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру циклдері өткізілуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап astana.kz хабарлады. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінен келген 51 дәрігер мен медицина ұйымдарының маманы оқып жатыр.
Курстар «Денсаулық сақтау саласындағы заманауи басқару технологиялары (теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі, жоба менеджменті, ресурсты үнемдеу технологиялары, кезектерді меңгеру және т.б.)», «Денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық жоспарлау, басқару және бюджеттеу (қауіп-қатерлерді басқару жүйесі, корпоративті басқару, CQI-PDCA, бизнес-жоспар және т.б.)», «Медициналық ұйымдардың статистикалық мәліметтерін басқару. МКБ 10, 9 бойынша кодтау әдістемесі» тақырыптары бойынша өтіп жатыр.
Біліктілікті арттыру курстарына еліміздің түкпір-түкпірінен келген медициналық ұйымдардың дәрігерлері мен мамандары, соның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, бас дәрігерлердің орынбасарлары, ішкі аудит мамандары, құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілері қатысуда.