Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқарушы корпусты құру тәсілдері мен тетіктерін пысықтауда

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арнайы заң жобасын әзірлеп, басқарушы корпусты құру тәсілдері мен тетіктерін пысықтауда.

Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқарушы корпусты құру тәсілдері мен тетіктерін пысықтауда

Бұл туралы бүгін аталған агенттіктің басшысы Әлихан Бәйменов елордада өткен «Қазақстанда жоғарғы басқару корпусын құруды қолдау» тақырыбындағы семинар-кеңесте айтты.

Мемлекеттің тұрақты экономикалық өсуі, халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік ахуалын көтеру мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетіне де тығыз байланысты екендігін атап өткен ол: «Тәуелсіздік жылдарында елімізде мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі қалыптасты және бұл қазақстандық үлгі халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды», - деді.

Дегенмен де оның айтуынша, өскелең заман талабын ескерген Елбасы 2011 жылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған Қазақстан Репсубликасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі ретінде басқару элитасын, яғни жоғары басқарушы корпусты құру қарастырылған.

«Бұл - әлемдік тәжірибе. Аталған кадрлық корпусты құрудың мақсаты арнайы талапқа сай келетін, стратегиялық жоспарлау мен басқару-ұйымдастыру қабілетін меңгерген кадрлар жасағын қалыптастыру болып табылады. Қазіргі уақытта агенттік заң жобасын дайындап, басқарушы корпусты құру тәсілдері мен тетіктерін пысықтауда», - деді Ә.Бәйменов.