Еліміздің мемлекеттік ұлттық табиғат парктері «2010-парк шеруі» акциясына қатыспақ
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шарын» ұлттық табиғат паркінің Бас директоры Тохтиям Бектемісовтың айтуынша, олар бұл шеруге алтыншы рет қатысып, әкімшілік пен мектептер аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүргізбек.
«Бұл шеру дүниежүзі бойынша өте белгілі шара болып есептеледі. 2009 жылы аталмыш акцияға бүкіл ауданның әкімшілігі мен оқушылары, экология саласының қызметкерлері бірігіп атсалысты. Шара аясында жаңадан ашылған мектептердің төңірегін көгалдандыруға тегін 3 мыңдай көшеттер отырғыздық. Сондай-ақ аудан орталықтары мен сая-бақтарын көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік», дейді Бас директор.
Сонымен қатар, ол биыл да осы шараны көлемді түрде өткізуді жоспарлап, көгалдандыру жұмыстарына жастар мен халықты көптеп жұмылдыратындығын жеткізді.
«Бұл қолға алынған өте жақсы шара деп ойлаймын. Біздің паркке келген жастар оны аралап қана қоймай, қоқыс тазалап, өздерінің көмегін тигізуде», дейді Т.Бектемісов.
Сондай-ақ ол саябаққа туристерді көптеп тарту үшін бар мүмкіншілікті жасап жатқандығын айтып өтті.
«Паркімізге жылына 3 мыңдай турист келеді. Олар тек бір күндік келіп-кетушілер есебінде. Биыл олардың санын көбейту үшін көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Қызмет көрсету жағын жақсарту үшін қонақүйлер салып, жолдарды жөндеудеміз», деп атап өтті өз сөзінде Тохтиям Бектемісов.
Бүгінгі баспасөз мәслихатына «Шарын», «Алтынемел», «Көлсай көлдері» мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғат парктерінің Бас директорлары қатысып, шара аясында атқарылатын жұмыстарымен таныстырды.