Еліміздің мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғыртуға 3,6 млрд. доллар инвестиция салынады

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздің мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғыртуға жалпы сомасы 3,6 млрд. доллар инвестиция салынатын болады.

Еліміздің мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғыртуға 3,6 млрд. доллар инвестиция салынады
Бұл туралы бүгін Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның Жауапты хатшысы Асқар Баталов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Министрлік Қазақстандағы мұнай өңдейтін зауыттарды дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Ол мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша сұранысты тұрақты қамтамасыз етуге, қолданыстағыларын жаңарту мен кеңейту және жаңаларын іске қосу есебінен шикізатты терең өңдеу үшін бастапқы және екінші үдерістер бойынша қосымша қуаттарды құруға бағдарланған», - деді алқада А. Баталов. Оның сөзіне қарағанда, мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнайды өңдеудің жиынтық қуаты жылына 17 млн. тоннаға жетуі тиіс. «Мұнайда терең өңдеуді ұлғайту, жоғары октанды бензин мен авиа отынның тапшылығын жою, елдің ішін тиісті еуропалық талаптарға сәйкес келетін сапасы жоғары мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендету жоспарланып отыр. Мұнай өңдейтін зауыттарға салынатын инвестицияның жалпы сомасы 3,6 млрд. долларды құрайды», - деді өз сөзінде Жауапты хатшы. Айта кетейік, Қазақстанның мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғыртуды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке биылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында тапсырған болатын. «Біз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастырамыз. Ең алдымен бұл - мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту. Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйтсе де әлі күнге жанармай сатып аламыз, авиация керосинімен де қамтамасыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек. Біз осы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты біртіндеп толық қамтамасыз етуге тиіспіз», - деген еді Мемлекет басшысы Жолдауында.