Еліміздің өңірлеріндегі ең үздік медициналық мекемелер анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы денсаулық сақтаудың даму деңгейі бойынша өңірлердегі медициналық ұйымдардың жұмыстарын бағалады.
«Үздіктердің үздігі» қағидасына сәйкес, ең таңдаулы деген медициналық ұйымдар анықталды. Сонымен қатар, үздік ұйымды анықтау әр мекеме түріне бөлек-бөлек жүргізілді, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметінен.
Медициналық ұйымдар белгіленген параметрлерге сәйкес бағаланды. Емхана мен аурухана, балалар үйі мен диспансерлерде қызмет көрсетудің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан әр мекемеде көрсетілетін медициналық көмек сапасын анықтаудың өзіндік өлшемдері белгіленді.
Баллдардың қосындысы бойынша ересектерге арналған қалалық көпбейінді стационарлар ішіндегі алғашқы орынды Ақтөбе қаласындағы Қарғалы қалалық ауруханасы алды. ШҚО Жарма ауданының №2 медициналық бірлестігі бұл тізімдегі соңғы орынға жайғасты. Облыстық ауруханалар арасында ересектерге арналған бірде-бір мекеме I,II,III орынға қажетті межелік баллды жинай алмады. Сондықтан тізім бірден IV орыннан басталды, бұл тұғырдан Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық ұйым көрінді.
Осындай жағдай балаларға арналған қалалық және облыстық көпбейінді стационарлар арасында да байқалады. Бірде-бір медициналық мекеме алғашқы үштікке енбеді. БҚО «Балаларға арналған көпсалалы аурухана» облыстық ауруханалар арасындағы IV орынға жайғасса, қалалық ауруханалар арасында IV орынға «Теміртау қ. балаларға арналған ауруханасы» шықты.
Балаларға арналған емханалар арасында жинаған баллдарының жеткіліксіздігі салдарынан, Алматыдағы «№7 қалалық балалар емханасы» IV орынға орнықты. Облыстық және қалалық перзентханалар ішіндегі ең үздік көрсеткішке БҚО перзентханалары қол жеткізді.
Орталық жұмыскерлері медициналық мекемелерді бағалаумен бірге, денсаулық сақтаудың даму индексі бойынша өңірлерде саралау жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, медициналық ұйымдарды бағалау жұмыстарын орталық қызметкерлері әр жарты жыл сайын жүргізіп отырады. Ақпарат жұртшылықты мәліметтендіру, халыққа дер кезінде, сапалы медициналық көмек көрсету, медициналық ұйым менеджментінің жағдайын анықтау, пациенттердің медициналық ұйымды еркін таңдауға құқығын жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында беріледі.