Еліміздің оңтүстік шебінде 15 застава салынып жатыр - Ұлттық қауіпсіздік комитеті
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасымен және Қырғыз Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара - негізгі және күрделі бағыттардың бірі. Шекараның бұл учаскесінің ерекшелігі сол, ол аумақтар жайлыландырылмаған.
Шекара бөлімшелері көбіне бейімделмеген жайларда орналасқан. 2008 жылы еліміздің оңтүстік шебінде болған кезде Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне оларды әрі қарай бекіту жөніндегі міндет қойған еді. Қазіргі таңда оңтүстік шепте 15 шекара заставасы салынып жатыр, деп хабарлады Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.
«Оңтүстік» аймақтық басқармасының әскери қызметкерлері 2009 жылы мемлекеттік шекараны бұзған 5 мыңнан астам адамды ұстады. 1 031 контрабандалық фактінің жолы кесілді, оның ішінде 76 оқиға - есірткі контрабандасымен байланысты. Сондай-ақ, 205 тонна ұн және 54 тонна астық, 450 тоннадан астам халық тұтыну тауарлары мен 754 тоннадан астам көкөніс контрабадасының жолы кесілді.
Оңтүстік бағыттағы шекара күзетін күшейту үшін Шекара қызметі 2007-2009 жылдар аралығында бірқатар шаралар атқарды, атап айтқанда: Жетісай шекара отрядын жасақтады, «Ленгір», «Қордай» жеке шекара комендатуралары құрылды, қосымша екі шекара заставасы қойылды, жеке инженерлік-саперлық батальон жасақталды, жалпы ұзындығы 395 шақырымды құрайтын бекініс қоршаулары жабдықталды, Сарыағаш бағытында шекараның 15 шақырымы бейнебақылаудың техникалық құралдарымен жабдықталды, Бейнеу бағытында 4 техникалық бақылау бекеті қойылды.
Ал 2010 жылы оңтүстік шекараның 392 шақырымында инженерлік қоршаулар орнату, сондай-ақ қолданыстағы қоршауларды дабыл кешендерімен күшейту, сөйтіп, мемлекеттік шекараның 430 шақырымындағы күзеттің тиімділігін арттыру жоспарлануда.