Еліміздің шетелдегі қайта сақтандыру сыйақысының көлемі 2012 жылы 48 млрд. теңгені құрады
АЛМАТЫ. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Үкіметтің қайта сақтандыруды шет елдерде емес, мемлекеттің өзінде тиімді етуге бағытталған іс-шаралары өз нәтижесін беруде.
Бұл туралы «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ басшылары бүгін Алматыда Қазақстандағы сақтандыру нарығының 2012 жылғы қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
«2012 жылы шетелдегі қайта сақтандыру сыйақысының көлемі 48 млрд. теңгені құрады. 2011 жылы бұл 55,6 млрд. теңге болатын. Тәуекелді шетелде қайта сақтандыру бір жылда 4,8 пайызға кеміді. Қазір ішкі сақтандырудың көлемі артуда. Егер 2011 жылы бұл көрсеткіш 14 млрд. теңге болса, 2012 жылы 16,3 млрд. теңгені құрады. Ондағы өсім 19 пайыз. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш», - дейді Басқарма төрағасының орынбасары Назым Тульчинский. Оның айтуынша, қайта сақтандырудағы «Еуразия» сақтандыру компаниясының үлесі 49 пайыз. Ал резидент еместерде оның үлесі 97 пайызды құрауда. Өткен жылы компания резидент еместерден 9,9 млрд. теңге мөлшерде қайта сақтандыру сыйақысын алған. Бүгінгі таңда ол іс жүзінде сақтандыру қызметтерін экспорттайтын және елге валюта кірісін тартатын бірден-бір ұлттық қайта сақтандырушы болып отыр.