Еліміздің солтүстік өңірінде 2 градусқа дейін күн суытады - Қазгидромет
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 мамыр күні ел аймақтарының басым бөлігінде атмосфералық ауа ағымының ығысуына байланысты құбылмалы ауа райы сақталады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Көптеген жерлерде күн күркіреп, жаңбыр жауады, жел күшейеді. Тек оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күн райы ашық болады. Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Атырау облысында шаңды бұрқасын болады. Ақмола облысының кей бөліктерінде тұман түсіп, жел күшейеді - 15-20 м/с. Қостанай облысында түнде тұман түсіп, 15-20 м/с жел соғады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында кей аймақтарында тұман түсіп, түнде желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Сондай-ақ осы өңірде түнде 0-2 градусқа дейін суық болады, деп күтілуде. Күндіз Алматы, Жамбыл облыстарында күн қатты ысиды.