Еліміздің спорт саласында шешілмеген өзекті мәселелердің бірі кадрлармен байланысты - Туризм және спорт вице-министрі
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елімізде спортты дамыту және осы бағыттағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға кедергі болып отырған мәселелердің бірі кадр резерві»,-
дейді Туризм және спорт вице - министрі Мұрат Омаров. Бұл туралы ол бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев басқаратын Денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің XV мәжілісінде айтты.
Оның сөзінше, осыған дейін жергілікті атқарушы органдардың құрылымына жүргізілген қайта құрылымдау жұмыстары алаңдаушылық тудырып отыр. «Мысалы, еліміздің көптеген аймақтарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысынан басқа өңірлерде аудандық деңгейде Дене шынықтыру және спорт бөлімдері қысқартылды. Бүгінде аудандық деңгейдегі спорттық шаралармен Мәдениет бөліміндегі немесе білім бөлімінде істейтін
бір ғана маман айналысады. Осы тектес мәселелердің салдарынан спорт саласының дамуы тежеліп қалды. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі жоғары мемлекеттік органдардан осы мәселені шешуге ықпал етуін сұрайды»,-дейді вице-министр.