Еліміздің темір жол жүйесі бойында жаңа оптикалық талшықты желі іске қосылды

ТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін еліміздің темір жол жүйесі бойында 4 мың шақырымдық жаңа оптикалық талшықты желі іске қосылды.

Еліміздің темір жол жүйесі бойында жаңа оптикалық талшықты желі іске қосылды

Аталған желінің іске қосылуы шарасына ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның президенті Асқар Мамин қатысты. Бұл желі транзиттік және республика аумағындағы темір жол тасымалын сенімді ақпаратпен қамтуға негізделген.

«Біз байлыныстың магистральдік желісін тартып, жоғары жылдамдықты мәлімет таратуды еліміздің көптеген өңірлеріне жеткізіп отырмыз. Енді барша темір жол бойында осы желіні тарту біздің мақсатымыз ретінде белгіленуде. Атап айтқанда. тағы да 7 мың шақырымға жуық желіні іске қосу керек», - деді «Транстелеком» АҚ-ның президенті Мірболат Аюпов.

Оның пайымдауынша, бұл бағыттағы жұмыстар жақын арада шешілетін болады. «Осы арқылы еліміздің барлық өңірлері бұл желімен қамтылады. Бұл тұрғыда жоғары жылдамдықты Интернетті темір жол саласы мен жол бойындағы елді мекендер пайдалана алады»,-деді компания басшысы.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, оптикалық талшықты байланыс желісі республика темір жолының Астана-Павлодар-Семей-Ақтоғай, Шу-Арыс-Қызылорда-Қандыағаш, Көкшетау-Жаңаесіл-Қостанай өңірлері арқылы стратегиялық желілерін басып өтеді. Барлығы 4 мың шақырымға жуықтайды. Байланыс желісінің құрылысын ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны - «Транстелеком» компаниясы былтырғы жылдың бірінші жартысынан бастаған, бұл жұмыстар биыл тамында аяқталды. Құрылыс жұмыстары ҚТЖ мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ кепілдігімен «Транстелеком» АҚ-ның есебіне Еуропалық қайта құру және даму банкінің несилік желісімен қаржыландырылды.